Ақтау қаласында Артериялық гипертония және кардиоваскулярлық профилактика мамандарының қоғамы ұйымдастыруымен "Аймақтық кардио-мектебі" атты семинар-тренинг өтті. Оған аймақтағы және штаттан тыс кардиолог-дәрігерлер, терапевттер мен жалпы тәжірибелік дәрігерлер қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
"Аймақтық кардио-мектебі" барысында "С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ" КеАҚ кардиология кафедрасының профессоры, "Артериялық гипертония және кардиоваскулярлық профилактика мамандарының қоғамы" ҚБ президенті, м.ғ.д., асс.профессор Гүлнара Джунусбекова 2023 жылғы ЖИА емдеу және зерттеудегі жаңалықтарға тоқталды. Жас пациенттердегі артериялық гипертензияның фенотиптері, оны диагностикалық және емдеу жолын атап өтті. Сонымен қатар ол фабри ауруы, 2022 жылғы созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бойынша негізгі ұсыныстары мен консенсустарымен бөлісті.
Ал директордың стратегиялық даму жөніндегі орынбасары, Маңғыстау облысының ДСБ штаттан тыс бас кардиологы Аргүл Қайратова Маңғыстау облысындағы Қан айналымы жүйесі ауруларының жағдайын талдап, мәселелері мен шешу жолдарын түсіндірді.
Сонымен қатар семинар барысында терапевт пен кардиологқа арналған негізгі ЭХОКГ, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі диагностикасындағы ЭХОКГ бойынша мастер-класс ұйымдастырылды.
"Қазіргі таңда Қазақстанда жүрек-қан тамыр аурулары өте өзекті проблема. Әсіресе, COVID-19-дан кейін жүрек-қан тамыр ауруларынан өлім-жітім көбейді. Былтыр бұл көрсеткіш төмендеді, дегенмен гипертония жасарып бара жатыр. Сондықтан "Аймақтық кардио-мектебі" арқылы үздіксіз медицинадағы жаңалықтарды, зерттеулер мен технологияларды меңгере отырып, аурудың алдын алу үшін күресеміз", - деді Гүлнара Джунусбекова.
Аймақ дәрігерлерінің айтуынша, шара пайдалы әрі тың ақпаратқа толы болды. Бұған дейін "Аймақтық кардио-мектеп" Шымкент, Талдықорған, Павлодар, Қарағанды қалаларында болған. Енді әрі қарай батыс өңірінің өзге қалаларына баруды жоспарлап отыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА